Елімізде оқыту үрдісін жетілдіру үшін оқытудың дәстүрлі әдістерімен катар дәстүрлі емес әдістерді, жаңа ақпараттық технологияларды қолдану кезек күттірмейтін іске айналды. Осыған байланысты информатиканы оқыту әдістерін жетілдіру мәселелері көптеген қазақстандық әдіскер-ғалымдардың бірқатар жұмыстарында жарық көрінді. Атап айтқанда білім беруді ақпараттандыру (Е.Ы. Бидайбеков), жалпы білім беретін мектептерде информатиканы оқытуды жетілдіру (С.Қ. Қариев), оқытудың компьютерлік технологияларын пайдалану жағдайында оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру (Ж.Қ. Қараев), программалауды оқытудың әдіснамалық және теориялық негіздері (Ж.Қ.Нұрбекова, Т.Қ. Қойбағарова) және т.б. еңбектерінде зерттелді. Аталған зерттеу жұмыстарында тұжырымдалған қағидалар информатиканы оқытуды жетілдіруге негіз болатын әр түрлі ғылыми ізденістер жасауға ықпал етуде.
Заман талабына сай зерттеу жұмыстарының жеткіліктілігіне қарамастан информатиканы оқыту барысында оқушының жаңа мәліметтерді өз бетінше іздеуге бейімділігін қалыптастыратын, алған мәліметтерін жинақтап, сәйкес тұжырымдар жасап, шешім қабылдай алатындай деңгейге жеткізетін әдістерді қолдану қажеттілігі орын алып отыр.